Туберкулез – аса қауіпті, өте жұқпалы дерт. Сондықтан бұл ауруға шалдыққандар тегін емделеді. Туберкулез мәселесiне әлем алаңдаулы. Өркениеті өрістеген елдердің өзі одан сақтанып, қаржы қарастырып отыр.
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы 2016-2035 жылдарға арналған «Туберкулезді тоқтату» стратегиясында сырқатқа шалдыққандар көрсеткішін айтарлықтай азайтуды мақсат етіп отыр. 2025 жылы сырқатқа шалдығушылар деңгейін 50, ал 2035 жылға қарай 90 пайызға төмендету көзделуде.
Қазақстанда туберкулездің эпидемиологиялық ахуалын жақсарту барысында оң нышандар байқалады. Соңғы 10 жылда туберкулез ауруының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2,4 есеге, өлім-жітім көрсеткіші 5,6 есеге, балалардың ауруы 2 есеге азайған. Бүгінде еліміздің әр аумағында екі сағат ішінде туберкулезді және оның түрін анықтайтын озық инновациялық әдістер бар. Мұның барлығы мемлекеттің қаржыландыруының, сондай-ақ халықаралық сарапшылармен, әлемдік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі. Қазіргі таңда ауруды жылдам анықтаумен қатар, тиімді емдейді де.
– Конференцияда дәрігерлер, әкімдік, әлеуметтік қолдау қызметкерлері туберкулезбен күресу жолындағы бірлескен жұмыстарын ортаға салды. Бұл негізінен тәжірибе алмасатын жақсы іс-шара, – деді өз сөзінде Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының директоры Мәлік Әденов.
– Барлығымыз жұмылып, аурудың алдын алуымыз керек. Сырқаттан сақтану үшін әр адам жеке бастың тазалығын сақтап, спортпен тұрақты шұғылдануы керек, – деді өз сөзінде Ұлттық ғылым академиясының академигі, А.Мырзахметов атындағы университеттің президенті Сағынтай Зекенов.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында адам денсаулығын жақсарту, ауру санын, өлім-жітім деңгейін азайту мәселесі қамтылған. Оның ішінде ерекше орын алатын аурулардың бірі – туберкулез. Қазіргі таңда елімізде қолға алынып жатқан шаралар арқылы облыста өлім-жітім соңғы 10 жыл көлемінде 5 есеге, балалар ауруы 25 пайызға азайды. Жаһандық қор арқылы облысқа сырқат белгілерін екі сағат ішінде анықтайтын жеті аппарат берілген. Бұл аппараттар Жарқайың, Целиноград, Ерейментау аудандарына, Степногор, Көкшетау қалаларына орналастырылған.
– Облыстық тубдиспансерде осындай екі аппарат бар. Қазір сырқаттардың 50 пайызға жуығы амбулаторлық жағдайда ем қабылдауда. Оларға күнде емханаға бармау үшін цифрландыру бағдарламасына орай смартфон арқылы емдеу жайын дәрігерлер біліп отыратын дәрежеге жеттік. Ендігі бір мәселе, уақытында үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, – дейді өз сөзінде Қоңыратбек Құрманбаев атындағы туберкулезге қарсы Ақмола облыстық диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Ташметов.
Бурабай баурайындағы құрт ауруын түбегейлі құртуға арналған конференцияда міндет үдесінен шығудың барлық жолы қарастырылған егжей-тегжейлі кеңес өтті.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы